Костанайский социально-технический университет
logo

ПР. КОБЫЛАНДЫ БАТЫРА, 27
8 (7142) 55-42-64
8 (777) 441-45-68
pkkstu@mail.ru

подать заявку на обучение подать заявку на проживание в общежитие
Инстаграм whatsapp


Биография Зулхарная Алдамжар

Задать вопрос ректору

Platonus 5.1

infobanner

Национальный центр тестирования

Набор в Школу государственной службы

С дипломом в село

Конкурс инновационных проектов «Болашаққа Ұмтылу»

Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсеткен

/Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсеткен

Бұл кісімен алғаш таныса қалсаңыз, алдымен мінезіне тәнті боларыңыз анық. Айтарын аптықпай-шашалмай, әр сөзін шегелеп жеткізетін, мінезі салмақты, мәдениеті жоғары, ұстамы биік азамат. Қасында сөйлесіп тұрсаңыз, асықпай, байсалды қалыппен тыңдайды. Содан сізбен келелі бір сұхбат құрып, әңгіменің қиюын келтіре кетеді. Міне, осы бір ерекшелігімен адамды бірден өзіне баурап алатыны бар. Әңгімемізге облысымыздың дамуына елеулі үлес қосқан, білікті басшы әрі ұйымдастырушы, академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Есмұқан Махметов арқау болмақ.

Есмұқан Қажымұратұлы қараша айының 22 жұлдызында 70 жасқа толып отыр. Азды көптей көрсін деп, мерейтойына құтты болсын айтпақпыз. Әйтпесе мұндай ағаларды көріп, батасын алудың өзі үлкен мәртебе. Қадірлі адам – мерейтойсыз да қадірлі емес пе. Әрине, айта берсек, Есағамыздың жетістігі аз емес – еңбек жолын бөлімше зоотехнигінен бастап, аудан әкімі, облыстың басқарма басшысы қызметтеріне дейін өскенін мақтан ету керек. Кеңестік замандағы партияның талабы мен тоқсаныншы жылдардағы дағдарыста қайралғаны көрініп тұрады.

Құт дарыған Әулиекөл елінен шыққан мерейтой иесі жиырма жасында Қостанай ауыл шаруашылық техникумын зооветеренария мамандығы бойынша тамамдады. Кеңестік Түркімен жерінде әскери борышын өтеп келіп, 1978 жылы Целиноград (Ақмола) ауыл шаруашылық институтын зоотехник мамандығы бойынша оқып бітірді. Алғашқы еңбек жолын жоғарыда айтқандай, Қарасу ауданының Ключевой (Новопавлов) кеңшары №1 бөлімшесінің зоотехнигі қызметінен бастады. Кейін аталған аудандағы «Баканский» кеңшарының бас зоотехнигі (Новоселов  селосы) қызметін тоғыз жыл абыроймен атқара жүріп, іскерлігін мойындатып, «Сұлукөл» асыл тұқымды шаруашылығы директоры болып тағайындалды. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы нарықтың қиын тұсында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауылдардағы жауапты істерімен көрінген тәжірибелі ұйымдастырушы Есмұқан Махметовтың келуі заңды болатын. 1995-1998 жылдары Әулиекөл ауданында үш жыл әкім қызметін атқарды. КОКП ХХVІІІ съезінің делегаты. Міне, осындай қауырт шаруалардың басында жүрсе де, ғылымнан, әсіресе, өңіріміздегі қой тұқымын жақсарту бағытында аянған жоқ. Ағамыздың еңбегі КСРО мен Тәуелсіз Қазақ елінде жоғары бағаланып отыр – бірқатар төсбелгілердің иегері.

2004 жылы Есмұқан Қажымұратұлы академик Зұлқарнай Алдамжардың тікелей шақыртуымен Қостанай әлеуметтік академиясына (қазіргі Академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті) қызметке келді. Оқу ордасында мемлекеттік және жергілікті басқару кафедрасын басқарды. Экономика және басқару факультеті деканы болды.

Зұлқарнай Алдамжарұлы інісін өте жақсы сыйлайтын. Екеуі сырлас болды, Есмұқан Қажымұратұлында да ағасына тән қазақылығымызды ұлықтау, ұлтымыздың тарихын, өнерін, әдебиетін, мәдениетін бәрінен жоғары қоятын мінезі табылады. Бүгінгі таңда өңіріміздің даму жолында қолтаңбасы бар мерейтой иесі Зұлқарнай Алдамжар негізін қалаған университеттің академик атындағы мұражай меңгерушісі әрі жүздеген шәкірттің ұстазы. Студент қауым Есмұқан Қажымұратұлын үлгі тұтса, жас оқытушылар тәлімгер санайды.

 

Гүлсара Мамажан, академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің құрылтайшысы, профессор:

Көркем мінезді азамат

Мен Есмұқан Қажымұратұлын Әулиекөл ауданында әкім болып жүрген сонау тоқсаныншы жылдардың ортасынан білемін. Сол кезде өңірге академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдар, қайраткерлер келіп, әлгі азаматтармен бірге Әулиекөлге барғанбыз. Бізді аудан басшысы жылы қарсы алды. Негізі Зәкең (жұбайы – академик Зұлқарнай Алдамжарұлын айтады) Есмұқан Қажмұратұлымен бұған дейін таныс екен. Ал сол таныстығымыздан кейін араласып, сіз-біз десіп жүрміз. Үлкен-кішімен бірдей тіл табысып кететін, адамды жатырқамайтын, ашық-жарқын мінезі бар. Енді бұл кісінің өзім куә болған ең үлкен ісінің бірі – Зәкеңе арналған мұражайды жабдықтауға қосқан үлесі, еткен еңбегі. Ондағы экспонаттардың бәрінің тарихын біледі. Студенттер курстық, дипломдық жұмыс жазарда келіп жөн сұрайды. Мен мерейтой иесін барша оқу орнымыздың, өз отбасымыздың атынан құттықтап, зор денсаулық тілеймін. Әлі де ағасы қолымен көтеріп кеткен білім ордасында шәкірт тәрбиелеп, мамандарды даярлауға үлес қоса берсін демекпін.  

 

Қадырғали Жаманбалин, академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің ректоры, физика-математика ғылымдары-ның докторы, профессор:

Білікті басшы, тәжірибелі маман

Ең алдымен, осындай тәжірибелі маманның университетімізде қызмет етіп, көпке өнеге, бағыт, жол сілтеуші болып жүргенін мақтан етеміз. Біліміне ішкі мәдениеті сай, өнегелі адам. Ол студенттермен жылы қабақ танытып қана сөйлесіп, өзіне тартып тұрады. Шәкірттерін өзіне сұрақ қойсын, ішіндегісін жасырмасын деп тұрады.

Есмұқан Қажымұратұлы секілді ауыл шаруашылығынан тәжірибе жинақтаған мамандар саусақпен санарлық. Көп студенттер теориялық жағынан білім алғанымен, тәжірибе жетіспей тұрады. Міне, сондықтан Есмұқан Қажымұратұлы шәкірттерінің тәжірибе мерзімін департамент, басқармаларда өтуіне көп жағдай жасап жүр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын, өндірісті, экономиканы басқарудың менеджерін даярлауды ұйымдастырушы. Қазір маман бар да, дұрыс мақсат қоя білетін басқарушы жоқ. Осы жағынан мерейтой иесі көп еңбек етуде. Қазіргі жастар неғұрлым пайданы көбірек тапсақ дейді, бірақ экономикамыздың өсуіне ықпал жасамайды. Ал бұл кісі жастарды экономиканың дамуына үлесін қоса жүріп, пайда табуға үйретеді десек болады.   

 

Нұркен Байқадамов, академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті экономика, құқық және басқару факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент:

Жастарға ақылын аямаған аға

Уақыттың зымырап ағып жатқанын кей кезде аңғармай да қалады екенсің. Әсіресе, жақсы адамның жанында жүріп, аға-іні болып сыйласып жүргенге не жетсін! Жайсаң жандардың әңгімесін, ақылын тыңдап жүру бір ғанибет қой. Осындай үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қашанда табиғи қалпында жадырап жүретін ағаның бірі, ғалым, білікті ұстаз, дарынды басшы – Есмұқан Қажымұратұлы. Ағамен танысқанымызға он жыл ғана болса да, ол кісіден әлі де үйренеріміз алда деп ойлаймын. Себебі, алғашқы жүздескен жерден Есмұқан Қажымұратұлы өзінің биязы, ашық мінезімен бірден бауыр тартып кетті. Бұл 2004 жылдың көктемі еді, ағайдың бізге жұмыска келіп жатқан кезі.

Есмұқан ағай аз уақыттың ішінде жас мамандарға үлгі болып, тәлімгер атанды. Әр кезде ұқыпты, киген киім, жүріс-тұрысы, әңгіме айту мәнері еріксіз үлкен-кішіге жағып тұрады. Көп жылдары мемлекеттік қызметте, облыс, аудан көлемінде басшы болған, ел-жұрт арасында үлкен абырой, беделге ие ағамыз мемлекеттік және жергіліктік басқару мамандығы бойынша білім алып жүрген студентттерге дәріс оқып,  кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Есмұқан Қажымұратұлы университетімізге қызметке келген жылы жаңадан жасақталған экономика және басқару факультетінің деканы болып тағайындалды. Факультеттің материалдық-техникалық базасының толығуына, оқытушы-профессорлық құрамның нығаюына үлкен күш жұмсады. Алғашқы қызмет бастаған кезден ұжымға өзін сыйлата білді – біреуге ұрсу, жеку деген жоқ, байсалдылығымен-ақ бәрін тыңдата алады. Жас оқытушыларға, әсіресе, қазақтың жігіттеріне өз кеңес, ақылын, өмірден түйгенін көп айтып отырады. Ағамыз бірнеше кафедраның ашылуына себепкер болды. Ол кісінің ең үлкен еңбегінің бірі – ана тіліміздегі топтардың ашылуына қосқан үлесі деп білемін. Әйтпесе, студенттердің ғылыми жұмысын жандандыру, тәрбие ісі, шәкірттердің әлеуметтік жағдайы, жатаханалардың ахуалы, шәкіртақы сияқты студенттер мәселелері ағайдың үнемі назарында болды. Оның сыртында ағай университетімізде академик Зұлқарнай Алдамжарға арналып ашылған мұражайды басқарды, оның барлық заттарына бас-көз болып отыр.

Есмұқан Қажымұратұлын ерекше сыйлап жүретінім – ағай менің тікелей жетекшім болмаса да, кандидаттық диссертациямды қорғауға үлкен ықпал еткен адам. Есімде қалған ақылы: «Ғылыми дәреженді өсіру керек. Жассың. Былай жүгіріп жұмыс істеп жүргенің жақсы ғой, бірақ міңдетті түрде кандидаттық тақырыпты қорғау керек. Басқа адамдардан, бөтен ұлттардан қай жерің кем. Намысқа тырысып бір қорғап алсаң, сол еңбегің өзіңе өмір бойы қызмет етеді. Ғылым жолында қиындықтар өте көп, бәрібір қорғаудан қашпа».

Ағамыздың  келе жатқа мерейтойы – 70 жасы құтты болсын дей отырып, өзіне, отбасына амандық, зор денсаулық, шығармашылық табыс, немере, шөберелерінің қызығына тоймай жүруіне факультет ұжымының және өзімнің атымнан  тілек білдіремін.

 

            Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.